Caspianlife, 11 қыркүйек. Ақтөбедегі жаңа футбол стадионының құрылысына Үкімет резервінен 6,5 млрд теңге бөлінді. Заманауи спорт аренасы қаланың батыс бөлігінде бой көтереді және 35 мың көрерменге арналады.
Құрылысқа бөлінген жер телімінің аумағы 25 гектарды құрайды. Ал спорт кешенінің жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады.
Жаңа стадион салу қажеттілігі, ең алдымен, Ақтөбе облысы тұрғындарының футболға деген зор қызығушылығына байланысты туындап отыр. Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов атап өткендей, «Ақтөбе» футбол клубының ойындарына деген сұраныс қазіргі аренаның мүмкіндіктерінен әлдеқайда асып түседі.
«Ақтөбе» футбол клубының матчтарына билет сұранысы қазіргі стадионның сыйымдылығынан айтарлықтай жоғары және орташа есеппен 40-45 мың адамды құрайды. Осыған байланысты жаңа арена УЕФА талаптарының төртінші санатына сәйкес келетін болады», — деді Абзал Әбдікәрімов.
Бес қабатты спорт кешені тек футбол алаңы мен көрермендер трибунасынан ғана тұрмайды. Жобада футбол командалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Үкімет бөлген 6,5 млрд теңге биыл басталған бірінші кезең жұмыстарына жұмсалады. Жаңа стадион құрылысын аяқтап, оны 2028 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жаңа арена өңірдегі ең ірі спорт нысандарының біріне айналмақ және футболды дамыту мен жас спортшыларды дайындау үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды деп күтілуде.
Салыстыру үшін айта кетсек: қазіргі қалалық стадион сонау 1975 жылы салынған. Бүгінде ол небәрі 13 мың көрерменге шақталған, бұл «Ақтөбе» ФК матчтарына деген қазіргі сұраныстан әлдеқайда төмен.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

