CaspianLife, 10 қыркүйек. Шалқар қаласында төбелестен қаза тапқан 17 жастағы Әлихан Жәнібековтің ісі бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Қайғылы оқиғы биыл наурыз айында болған. Сот отырысында 18 жастағы айыпталушы өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, марқұмға пышақ жарақатын өзін қорғау үшін салған. Сотта прокурор айыптау актісін жариялады. Қазір тараптардың ұстанымы тыңдалып, іс бойынша дәлелдер зерттеліп жатыр.
Прокурор айыптау актісін оқып бергеннен кейін сот тараптардың ұстанымдарын тыңдап, дәлелдемелерді зерттеуге кірісті.
Прокурор Гүлзира Кочербаева:
«Кәмелетке толмаған Жәнібеков алынған дене жарақаттарының әсерінен оқиға орнынан қаза тапқан. Сөйтіп кәмелетке толмаған…… өзінің іс-әрекеттерін адам өлтіру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату, бұзақылық ниетпен, көрінеу кәмелетке толмағанға қатысты жасап, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 9, 14-тармақтарымен көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған», – деді.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Әлихан Жәнібеков өкпе тұсынан алған ауыр жарақаттан көз жұмған. Марқұмның туыстары айыпталушыны кешірмейтінін айтып, оған ең қатаң жаза тағайындауды сұрап отыр. Жақындарының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Әлихан досының тойына баруға дайындалып жүрген. Алайда сол түні оны жастар арасындағы жанжалға шақырып алған.
Марқұмның туысы Ағила Әлімәнова:
«Жалғыз асыраушымыз бен тірегімізден айырылып, ешқандай кешірім болмайтынын мәлімдейміз. Заңның барынша қатаң талаптарына сай ең ауыр жаза тағайындауды сұраймыз. Бұл жігіттер жергілікті емес. Бірақ олар Әлихан тұратын ауданға, оның өз аумағына келген. Оны шақырып, сол жерде төбелес болған. Олар оны үйінің маңында өлтірді», – деді.
Марқұмның жақындары Әлиханның жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүргенін айтады. Олар жасөспірім Шалқар жастары арасындағы бұрыннан келе жатқан жанжалдың құрбаны болды деп есептейді.
Алдын ала мәлімет бойынша, сотталушы Орал қаласындағы оқу орындарының бірінде білім алады. Сот отырысында ол жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.

