Caspianlife, 1 қыркүйек. Жылыой ауданында ашық аспан астындағы музей экспозициясы ашылды. Ол осыдан 27 жыл бұрын Қазақстанның екінші «Алтын адамы» табылған Аралтөбе қорғанында орналасқан.
Баға жетпес жәдігер Ақмешіт елді мекенінде жүргізілген археологиялық экспедиция кезінде табылған. Ол Ақкиізтоғай ауылдық округінен 30 шақырым жерде орналасқан. Сол кезде археологтар сармат көсемінің киімі мен қару-жарағына тиесілі 300-ге жуық алтын бұйымды анықтаған.
Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен қолға алынған.
Жылыой ауданының мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науров:
«Қазақстан тарихына екінші Алтын адам ретінде енген сармат көсемі 1999 жылы дәл қазір біз тұрған Аралтөбеден табылды. Оны тапқан археолог-ғалым — Зейнолла Самашев. Бұл қорған 25 жыл бойы ашық аспан астында қараусыз жатты. Кейін ол жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы және тікелей қолдауы, сондай-ақ Атырау облысы мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асқан жобалардың біріне айналды. Қазіргі таңда қорған толықтай қайта жаңғыртудан өтті. 2025 жылы қаржы бөлініп, жоба толығымен аяқталды», — деді.
Экспозицияның көркемдік безендірілуін еліміздегі алғашқы гиперреалист-скульптор Айдос Әкімғалиұлы жасаған. Бұған дейін тақтада отырған Алтын адамның мүсінінің алғашқы нұсқасы аудандық «Атамұра» музейінде қойылған болатын.
Ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуов:
«Менің білуімше, Жылыой ауданында мұндай ашық аспан астындағы музей алғаш рет ашылып отыр. Мүмкін, бұл республикадағы алғашқы музей де шығар. Екіншіден, мен осы жерде туып-өскен адаммын, балалық шағым осы өлкеде өтті. Бал кезімізде осы жерлерді жаяу аралап, велосипед теуіп, атпен жүретінбіз. Ал Алтын адамның дәл осы жерден табылуы — біз үшін, бүкіл еліміз үшін және Ақкиізтоғай тұрғындары үшін үлкен қуаныш», — деп бөлісті.
Жаңа музей бүгінде Жылыойға келетін туристер үшін маңызды тарихи-танымдық нысанға айналып отыр. Келушілер сармат дәуірінің тарихымен танысып, Аралтөбеден табылған Алтын адам туралы тың деректермен таныса алады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ, Жылыой ауданы

