Caspianlife, 28 тамыз. Атырау облыстық балалар ауруханасына 9 жастағы қыз бала бірнеше магнит жұтып қойғаннан кейін шұғыл түрде жеткізілді.
Тексеру барысында баланың асқазан-ішек жолында бірнеше магнитті бөгде заттың бары анықталды. Бірнеше магниттің ағзада орналасуы ауыр асқынуларға, соның ішінде ішек қабырғасының зақымдануына және тесілуіне әкелуі мүмкін болғандықтан, дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады.
Операция барысында мамандар асқазан-ішек жолынан 8 дана магнитті бөгде затты алып тастады. Дәрігерлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында баланың өміріне қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік болды.
Операциядан кейін қыз бала реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында, қажетті операциядан кейінгі ем қабылдап жатыр.
Мамандар ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ заттарды, әсіресе магниттерді қалдырмауға шақырады. Бірнеше магнитті жұтып қою баланың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін дәрігерлер қатаң ескертеді.
(Дереккөз: Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы)


