CaspianLife, 12 тамыз. «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбыры 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 3 млн 183 мың тонна мұнай тасымалдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 273 мың тоннаға немесе 9%-ға көп. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» АҚ мен CNPC бірлесіп бақылайтын «СЗТК «МұнайТас» ЖШС есепті кезеңдегі өндірістік қызмет қорытындысын шығару барысында мәлімдеді.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тасымалданған мұнайдың негізгі бөлігі — 2 млн 667 мың тоннасы ішкі нарыққа бағытталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 138 мың тоннаға немесе 5%-ға артқан.
Ал экспортқа 516 мың тонна мұнай жөнелтілді. Бұл өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 136 мың тоннаға немесе 36%-ға көп.
Сонымен қатар мұнай құбырының жүк айналымы да өскен. Алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 млрд 316 млн тонна-километрге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 72 млн тонна-километрді немесе 6%-ды құрады.
Компания бұл өсімді екі негізгі фактормен байланыстырады. Біріншіден, отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты артып, оларға ішкі нарықтан көбірек шикізат қажет болып отыр. Екіншіден, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес жүзеге асырылатын экспорттық мұнай жеткізілімдері де ұлғайған.
Дереккөз: kaztransoil.kz

