Caspianlife, 4 тамыз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуына қарсы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері республика бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ІІМ мәліметінше, құқық бұзушылар тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырған және өзге азаматтардың ар-намысына тиетін әрекеттерге барған. Сонымен қатар мұндай контенттің кәмелетке толмағандарға да қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Ведомство келтірген мәліметке сәйкес, Шымкент қаласында TikTok желісінде тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданған 48 жастағы тұрғын сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Талдықорған қаласында бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасаған 44 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған.
Павлодар қаласында автокөлік жүргізіп келе жатып тікелей эфирге шыққан, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған 26 жастағы азамат 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Ал Түркістан облысында TikTok желісіндегі бірнеше аккаунтпен танымал азаматша тікелей эфирдегі бейәдеп сөздері мен агрессивті әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.
Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістікті заңсыз контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Ведомство заң талаптары интернет кеңістігінде де, күнделікті өмірде де барлық азамат үшін бірдей міндетті екенін еске салды.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі.

