Caspianlife, 3 тамыз. Маңғыстау облысында судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде теңіз жағалауында гидроциклдің демалушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіре отырып басқарылғаны бейнеленген видео тараған. Осыған байланысты Жаңаөзен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері келесі күні «Самал» демалыс базасының аумағында тексеру жұмыстарын жүргізген.
Тексеру барысында гидроцикл иесінің судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталған. Соның нәтижесінде оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
Жаңаөзен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы су көлігі иелеріне демалушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуді және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Сонымен қатар тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарында рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатыны атап өтілді.
Дереккөз: Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

