CaspianLife. 23 шілде. Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін қазақстандық мұнайды айдау уақытша тоқтатылды. PACE Analytics талдау компаниясының директоры Асқар Исмаилов бұл жағдайдың ел экспорты, теңге бағамы мен ұлттық экономикаға тигізер әсеріне қатысты сараптамалық баға берді.
2025 жылы КҚК жүйесі арқылы 64,8 млн тонна қазақстандық мұнай экспорталған, бұл елдің жалпы мұнай экспортының 82,3%-ын құрайды.
Сарапшының атап өтуінше, бұл жолғы тоқтаудың бұрынғы техникалық ақаулардан басты айырмашылығы – әскери-саяси тәуекелдердің артуында. Қара теңізде 5 мұнай танкері шабуылға ұшырағаннан кейін халықаралық фрахтаторлар мен сақтандыру компаниялары акваторияға кіруден бас тартуда.
Терминал резервуарларының толуына байланысты КҚК мұнай қабылдауды тоқтатты. Жұмысты жылдам қайта бастау үшін кеме иелеріне халықаралық деңгейде нақты қауіпсіздік кепілдіктері қажет.
Базалық сценарий (бірнеше күннен 2 аптаға дейін): Қауіпсіздік хаттамалары қайта қаралып, сақтандыру шарттары реттелген жағдайда тиеу жұмыстары жедел қалпына келтіріледі.
Негативті сценарий (бірнеше аптаға созылуы): Шабуылдар қайталанса немесе сақтандырушылар аймақты жоғары қауіпті деп таныса, тоқтау ұзаққа созылады.
Өндірістің мәжбүрлі төмендеуі: Резервуарлардың толуы өндірісті шектеуге мәжбүрлейді. Бұл бірінші кезекте Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларына әсер етеді.
Қаржылық шығын: Мұнай бағасы Brent барреліне $91 деңгейінде болғанда, КҚК арқылы өтетін 1,5 млн баррель тәуліктік экспорт $130–140 млн бағаланады. Өндірісті тәулігіне 100 мың баррельге қысқарту айына $273 млн экспорттық түсімнен айырылу деген сөз.
Еуропаға әсері: Атап айтқанда, Румыния мұнай импортының 63%-ын Қазақстаннан алады (Petromidia ЖӨЗ), сондықтан тоқтау созылса, елде жанармай тапшылығы мен өндірістік тәуекелдер туындайды.
Макроэкономикалық қысым: Экспорттық валюта түсімінің азаюы теңге бағамына тікелей қысым жасап, бюджет пен Ұлттық қорға түсетін салықтарды азайтады.
Асқар Исмаилов елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін келесі шұғыл және стратегиялық шараларды ұсынады:
Шұғыл шаралар: КҚК-ны азаматтық трансшекаралық инфрақұрылым ретінде қорғау бойынша АҚШ, ЕО, Ресей және Украина тараптарымен халықаралық келіссөздер жүргізу; азаматтық танкерлерді сәйкестендірудің анық механизмін құру; Батыс Қазақстан мен Ақтау портында резервуарлық қуаттарды ұлғайту.
Стратегиялық шешім: Баламалы Транскаспий экспорттық дәлізін толыққанды дамыту, Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымын кеңейту және отандық танкерлік флотты ұлғайту.
«Қазақстан физикалық түрде жұмыс істейтін екінші ірі экспорттық бағытты құрмайынша, Қара теңіздегі кез келген жаңа шабуыл мұнай өндірісін, теңге бағамын және мемлекеттік бюджетті тәуекелге тіге береді», – деп түйіндеді PACE Analytics директоры.

