CaspianLife, 25 маусым. Жыл басынан бері Қазақстанның құқық қорғау органдары жанармайды шетелге заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолын кесті. Қаржылық мониторинг агенттігі Ішкі істер министрлігі және Шекара қызметімен бірлесіп мұнай өнімдерінің контрабандасы мен заңсыз айналымына қатысты 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастаған.
Шулы істердің бірі – Маңғыстау облысында анықталған жасырын шағын мұнай өңдеу зауыты. Ол 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеп, өндірілген өнімдерді мазут ретінде көрсетіп, шетелге жөнелтіп отырған.
Түркістан облысында құқық қорғаушылар мемлекеттік шекараның астымен қазылған туннель арқылы бензинді Өзбекстанға заңсыз тасымалдаумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топты әшкереледі. Кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз жеткізумен айналысқан топқа қатысты тергеу аяқталды. Заңсыз тасымал көлемі 190 мың тоннадан асып, оның жалпы құны 37 миллиард теңгені құраған.
Тағы бір дерек бойынша, «Түрксіб» станциясында жалпы көлемі 500 тоннаға жуық заңсыз жанармай тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 миллион теңге болатын бензин мемлекет кірісіне тәркіленді.
Қаржылық мониторинг агенттігі ел ішінде жанармай тапшылығын болдырмау мақсатында контрабандалық схемаларды анықтау және жолын кесу жұмыстарының жалғасатынын мәлімдеді.

