CaspianLife, 15 маусым. Алматы облысында Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананы анықтап, оның жұмысын тоқтатты. Заңсыз өндіріс Қарасай ауданындағы жеке тұрғын үйде ұйымдастырылған. Тергеу мәліметінше, 29 жастағы күдікті үйді есірткі өндіретін цехқа айналдырып, қажетті химиялық заттар мен арнайы жабдықтарды интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы сатып алған.
Тінту барысында полицейлер 28 келіден астам α-PVP синтетикалық есірткісін, 880 литр прекурсорды және арнайы зертханалық құрал-жабдықтарды тәркіледі. Мамандардың қорытындысына сәйкес, бұл өндірілген алғашқы партия болған және оның көлемі шамамен 125 мың бір реттік дозаға тең.
Құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында қауіпті өнім заңсыз айналымға жіберілмей, дер кезінде тәркіленді.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов полицияның уақытылы араласуы мыңдаған адамның есірткіге тәуелді болуына жол бермей, халық денсаулығына төнген қатердің алдын алғанын айтты.
Оның сөзінше, өңірдегі қылмыстық ахуалға елеулі қауіп төндіруі мүмкін ірі есірткі өндірісінің көзі жойылған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

