CaspianLife, 8 маусым. Томас Лен мен Констанца Кюхнель Мюнхенде 22 жылдан бері бірге тұрады. Соңғы 14 жылда олардың баспанасы алып автотрейлерге айналған. Осы уақыт ішінде ерлі-зайыптылар 70 елді аралап шыққан. Әсіресе, Орталық Азия өңіріне ерекше қызығушылық танытады. Қазақстанға олар үшінші рет келіп отыр. Германиядан Атырауға дейінгі жолға шамамен екі ай уақыт кеткен.
– Біз сіздердің қалаларыңызды қатты ұнаттық. Таңертең жағалауда серуендеп, Атырау қаласының орталығындағы көрікті жерлерді араладық. Жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы мен табиғаты бізді тәнті етті, – дейді Констанца Кюхнель.
Қазір саяхатшылар ұзақ сапардан кейін демалып жатыр. Томас бұрын құрылыс материалдарын сатумен айналысса, Констанца оптика дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген. Балалары ержеткеннен кейін ерлі-зайыптылар өмірлерін түбегейлі өзгертуді шешкен.
Қазақстанда автоүймен саяхаттау мәдениеті Еуропа мен Америкадағыдай кең таралмаған. Ал бұл елдерде мұндай саяхат түрі өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері танымал.
– Бұл біздің арманымыз еді. Жұмысты тоқтатып, бар дүниемізді сатып, саяхатқа шықтық. 2012 жылы автоүй сатып алдық. Содан бері Азиядан Африкаға дейін ондаған елді аралап үлгердік, – дейді Томас Лен.
Атыраудан кейін неміс жұбы саяхатын жалғастырып, Моңғолия, Қытай, Лаос және Камбоджа елдеріне баруды жоспарлап отыр.




