Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы 75 орындық жаңа аурухананың құрылысымен танысты. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының ресми сайты хабарлады.
Клиникада 10 орындық инфекциялық бөлімше, 10 орындық балалар бөлімшесі, сонымен қатар, ас блогы, кір жуатын орын, медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған полигон болады. Аурухананың айналасында емделушілердің демалысы мен қалпына келуіне барлық жағдай жасалған.
Ауруханада толыққанды және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін заманауи жабдықтар орнатылады. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге шамасында. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев медицина қызметкерлерімен кездесіп, пациенттердің жағдайы мен денсаулық сақтау саласының проблемалық мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, депутат Атырау-Астрахан автокөлік жолы, Ақкөл ауылындағы 290 орындық балабақша, Құрманғазы–Бірлік тасжолы құрылысының сапасымен, Шарон өзенінің түбін тереңдету жұмысымен және Хиуаз ауылындағы мәдениет үйінің жобасымен де танысты.