CaspianLife, 1 маусым. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне сілтеме жасаған kapital.kz хабарлағандай, «Теңізшевройл» компаниясы 28 мамырда орын алған операциялық іркілістен кейін Теңізде мұнай өндіру көлемі біртіндеп қалпына келе жатқанын растады.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің өндіріс көлемі бұрынғы деңгейіне жетті ме деген тікелей сұрағына ТШО-ның баспасөз қызметі нақты жауаптан жалтарып, қалпына келтіру процесі жүріп жатқанын айтты. Кен орнындағы нысандардың бірінде нақты не болғанын оператор әлі де ашып айтқан жоқ, тек «болмашы операциялық іркіліс» деген түсініктемемен шектелді. ҚР Энергетика министрлігі өз кезегінде өндірістің уақытша төмендегенін бұған дейін мойындап, ТШО қажетті шараларды қабылдап жатқанын хабарлаған болатын.
Еске сала кетейік, 18 қаңтарда кен орнында трансформаторлар өртеніп, келесі күні-ақ ТШО Теңізде де, Королевское кен орнында да өндірісті толық тоқтатуға мәжбүр болған еді. Королевское кен орнын салыстырмалы түрде тез, яғни 26 қаңтарда іске қосу мүмкін болды. Ал Теңізді күтуге тура келді: онда өндіріс 31 қаңтарда қайта басталғанымен, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өндірістің толық қалпына келгенін тек 11 наурызда ғана жариялады.
Бұл статистикаға да айтарлықтай әсер етті: 2026 жылдың бірінші тоқсанында кен орнындағы өндіріс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге — 5,7 млн тоннаға дейін төмендеді.

