CaspianLife, 29 мамыр. Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысында қаржылық алаяқтыққа байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Тергеу мәліметінше, қаза тапқан адамдардың атына мемлекеттен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақылар аударылып отырған. Сотта айтылғандай, Наурыз Мұқанғалиевтің шотына маусым мен желтоқсан айлары аралығында жалпы сомасы 520 мың теңге көлемінде жәрдемақы түскен.
Сонымен қатар желтоқсан айындағы зейнетақы төлемдері Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваға аударылған. Ал Мейрамгүл Қарабалинаға мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындалған.
Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Айгерім Беккалиева сотта нақты төлем көлемдерін жариялады. Оның айтуынша, Насип Өтешқалиеваның зейнетақысы 84 318 теңге, Мақсот Қарабалиннің зейнетақысы 96 569 теңге, ал Мейрамгүл Қарабалинаға төленген мүгедектік жәрдемақысы 74 428 теңгені құраған.
Осылайша мемлекетке келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 255 315 теңге деп бағаланған.
Сот барысында тағы бір маңызды жайт қаралды. Жәбірленушілердің айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев қайтыс болғаннан кейін оның телефоны арқылы туыстарына түрлі хабарламалар жіберіліп отырған. Марқұмның жақындары бұл әрекетті айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев жасады деп есептейді.
Сонымен қатар олар айыпталушының «өзін-өзі қорғау» туралы мәлімдемесін толықтай жоққа шығарып отыр.
Марқұмдардың туысы Тілекқабыл Өтешқалиев сотта Наурыз Мұқанғалиевтің ешқашан жанжал іздемейтін сабырлы адам болғанын айтты. Оның сөзінше, Мейрамгүл де үнемі жолдасының жанында жүрген. Туыстары олармен көбіне телефон арқылы байланысып отырғандықтан, Наурыздың телефонынан өлімінен кейін келген хабарламалар күмәнді жағдай ретінде қарастырылуда.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта іс бойынша 26 куәгерден жауап алу жоспарланған. Олардың арасында екі тараптың да туыстары бар. Тергеу үшін куәгерлердің жауабы отбасы мүшелерінің қаза болу жағдайын анықтауда және заңсыз әлеуметтік төлемдер схемасын әшкерелеуде маңызды рөл атқаруы мүмкін.

