Caspianlife, 28 мамыр. Ақтөбе облысында «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ұзындығы 262 шақырымды құрайтын екі жолақты трасса төрт жолақты магистральға айналады.
Аталған жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне кіреді және тәулігіне 15 мыңнан астам көлік өткізеді. Жоба жеті учаскеге бөлінген. Оның алғашқы 28 шақырымдық бөлігі былтыр басталып, биыл күзде пайдалануға беріледі. Ал жобаны толық аяқтау үш жылға жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Дархан Иманашев әр бағыттағы жолақтар бір-бірінен арнайы қоршаулар арқылы бөлінетінін айтты. Оның сөзінше, бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, қыс мезгілінде трассаны күтіп ұстауды жеңілдетеді.
Жоба толық аяқталғаннан кейін жол бойында кемпингтер, қонақүйлер мен дәмханалар салу жоспарланып отыр. Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылуда.

