CaspianLife, 23 сәуір. 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит аясында Астанада Атырау облысы әкімдігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДCҰ) Еуропалық өңірлік бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ДДCҰ/Еуропа өңірлік директоры Ханс Хенри П. Клюге қол қойды.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, «… меморандум Атырау облысы мен Каспий өңіріндегі қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсерін зерттеу бойынша ынтымақтастықты бекітеді».
Сондай-ақ Атырау облысы мұнай-газ саласы дамыған ірі өңірлердің бірі екені, мұнда қоршаған ортаға түсетін жүктеме жоғары болғандықтан оның адам денсаулығына әсерін жүйелі түрде бағалау қажет екені атап өтілді. Меморандум ДДCҰ-ның техникалық қолдауымен әзірленген 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасына негізделген.
Құжат экология мен денсаулыққа қатысты деректерді біріктіру және талдау, қоршаған орта әсерін бағалау (EHIA), адам биомониторингін (HBM) дамыту, халыққа тәуекелдерді түсіндіру, мамандарды оқыту және «Бір денсаулық» тәсілін дамыту бағыттарын қамтиды.
«Атырау облысы үшін экология мен денсаулық – аса өзекті мәселе. ДДCҰ-мен бірлесіп әзірленген Жол картасы нақты деректерге сүйене отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді және өңір үшін нақты нәтижелер береді деп күтілуде», — деді Жасұлан Бисембиев.
Меморандум 4 жылға жасалып, оны ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Қол қою рәсімі 22–24 сәуір күндері Астанада өтіп жатқан РЭС-2026 саммиті аясында өтті. Форумға Орталық Азия елдерінің басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, климат пен экология саласындағы ортақ шешімдерді талқылауда.

