CaspianLife, 1 сәуір. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС кешенінде пропанды құю және сақтау учаскесінде оқу дабылын жариялай отырып, сейсможаттығу өткізілді.
KPI баспасөз қызметінің мәліметінше, сценарийге сәйкес жер сілкінісі салдарынан пропан құбырының герметизациясы бұзылған шартты апаттық жағдай модельденген. Шынайы жағдайға барынша жақын жағдайда төтенше жағдай кезінде қызметкерлердің іс-әрекеті пысықталды.
«Дабыл сигналы зауыттың жергілікті хабарлау жүйесі арқылы берілді. Осыдан кейін азаматтық қорғау құрамалары жедел түрде “апат” орнына жіберілді. Оқиға орнында апатты жою жоспарына сәйкес авариялық-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Жаттығу барысында іс-қимылдардың үйлесімділігіне, регламенттердің сақталуына және шешім қабылдау жеделдігіне ерекше назар аударылды», — деп хабарлады KPI баспасөз қызметі.
Жаттығу қорытындысы бойынша бақылаушылардың қатысуымен талдау жүргізіліп, қызметкерлердің әрекеттері мен қабылданған шешімдерге баға берілді. Іс-шараға 5 техника және шамамен 35 қызметкер, оның ішінде жедел персонал жұмылдырылды.
Хабарламада атап өтілгендей, мұндай жаттығулар төтенше жағдайларға дайындық деңгейін жүйелі түрде арттыруға және барлық қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік береді.

