Енді кәсіпкерлер жұмысын бастау үшін infokazakhstan.kz сайтына кіру арқылы рұқсат алу керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстанда карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдетуге арналған онлайн брифинге Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев айтты.
Оның айтуынша, 830 мыңға жуық бизнес осы күнге дейін жұмыс істемей тұрған.
Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
– Бұл шамамен 1,3 млн адамға қатысты. Қабылданған шараларға байланысты 17-тамыздан бастап бизнестің көп түрі жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлер жұмысқа шыққаннан кейін қандай жұмыс алгоритмі талап етілетіні туралы үш аптаға жуық бизнестің даярлық ассоциацияларымен талқыладық. 3-4 күнде шешім қабылданды. Ең бастысы, «Атамекен» ҰКП қолдауымен infokazakhstan.kz сайты іске қосылды. Жұмысқа шығатын кәсіпкерлер осы сайтқа тіркеліп, рұқсатнамасын алып, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.