CaspianLife, 27 ақпан. Оқиға кеше кешкісін Щучинск қаласында, Бурабай ауданы аумағында болды — бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болып, кейін өрт шыққан.
Ақмола облысының әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін 5 минут ішінде Төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары оқиға орнына жеткен. Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан 8 газ баллонын сыртқа шығарып, 10-нан астам адамды құтқарды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жедел деректер бойынша барлығы 26 адам зардап шеккен, оның ішінде:
— 7 адам қаза тапты (олардың арасында 16 жастағы қыз бар);
— 13 адам Бурабай аудандық ауруханасында жатыр;
— 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді.
Денсаулық сақтау басқармасы желісі бойынша қосымша медициналық бригадалар жедел түрде жасақталды. Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылды: мамандар, дәрі-дәрмектер, санитарлық авиация зардап шеккен аймаққа жіберілді.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Жарылыстың себептері анықталып жатыр. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.
Өрт толықтай сөндірілді. Құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізуде. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел желі ашылды: 8 (7162) 514-298.