CaspianLife, 26 ақпан. Бұл деректер бүгін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) басқарушы органдарының Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен отырысында жария етілді.
КҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға қатысушылар компанияның 2025 жылғы өндірістік және шаруашылық қызметінің қорытындыларын, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы нәтижелерін талқылап, ағымдағы жылға арналған жоспарларды қарастырды.
2025 жылы КҚК және мердігер ұйымдардың қызметкерлері 14,2 млн адам-сағатты жазатайым оқиғасыз еңсерді. Автокөліктердің жол-көлік оқиғасынсыз жүріп өткен қашықтығы 33 млн шақырымнан асты.
«Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы 2025 жылы 70,52 млн тонна мұнай тасымалданды. Оның ішінде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан жүйеге тиісінше 36,6 млн тонна, 9,2 млн тонна және 17 млн тонна мұнай жеткізілді», — делінген хабарламада.
Анықтамалық ақпарат
КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы энергетика саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Теңіз – Новороссийск мұнай құбырының ұзындығы 1 511 шақырымды құрайды. Бұл бағыт арқылы Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ Каспий теңізіндегі және Ресей аумағындағы кен орындарының мұнайы тасымалданады.
КҚК-ның теңіз терминалы жағалаудан едәуір қашықтықта орналасқан және танкерлерді қауіпсіз тиеуге мүмкіндік беретін үш қашықтағы айлақ құрылғысымен жабдықталған.
КҚК акционерлері:
-
Ресей Федерациясы – 24%
-
«КҚК Компани» ЖШҚ – 7%
-
ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ – 19%
-
Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%
-
Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%
-
Лукойл Интернешнл Гмбх – 12,5%
-
Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%
-
Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%
-
BG Overseas Holdings Limited – 2%
-
Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2%
-
Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%
(КҚК баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)

