Caspianlife, 26 ақпан. Бұл мәліметтер Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) бас директоры Қуаныш Бишімовтің өндірістік блоктың басшылары және мамандарымен кездесуі барысында айтылды.
АМӨЗ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында кәсіпорынның 2025 жылғы негізгі жұмыс қорытындылары қаралып, биылғы жылға арналған жоспарлар айқындалды. Бас директор қатысушыларды өндірістік жоспардың орындалуы, қаржы-экономикалық көрсеткіштер және қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту бойынша атқарылған шаралардың нәтижелерімен таныстырды.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі қоршаған ортаны қорғау бағдарламасын іске асыру нәтижелері болды.
— 2025 жылы кәсіпорынның экологиялық көрсеткіштері белгіленген нормативтер шегінде болды: атмосфераға шығарылған ластаушы заттар көлемі 10 мың 148 тоннаны құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 311 тоннаға аз.
— Ағынды сулар арқылы төгілген ластаушы заттар көлемі 5 мың 522 тоннаға жетіп, 2024 жылғы деңгейден 950 тоннаға төмендеді.
— Жайық өзенінен су алу көлемі 6 млн 557 мың текше метрді құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 712 мың текше метрге аз.
Биыл зауыт табиғатты қорғау іс-шараларын жалғастырады. Атап айтқанда, резервуарларды понтондармен жабдықтау жұмыстарын аяқтау, аумақты көгалдандыру, сондай-ақ ашық түсті мұнай өнімдерін құюға арналған жаңа сорғы станциясын салу жоспарланып отыр. Бұл атмосфераға көмірсутек шығарындыларын қосымша қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын жаңа суды дайындау бойынша базалық жобаны әзірлеуге кіріседі.
«Қоршаған ортаға әсерді барынша азайту – АМӨЗ-дің негізгі басымдығы. Жауапты кәсіпорын ретінде біз заманауи технологияларды енгізіп, өндірістік үдерістерді жетілдіріп, экологиялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасады», – деді Бас директор.
(АМӨЗ баспасөз қызметінің хабарламасы негізінде)

