Парламент Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Ләззат Сүлеймен Индер ауданына сапарлады. Олар алдымен орталық аурухананың дәрігерлермен жүздесті.
Бүгінде аудандық ауруханада, емханада және ауылдық округтерде орналасқан дәрігерлік амбулаторияларда дәрі-дәрмектің бір айлық қоры жасақталған. Ауру өршіген кезде де емдеу орындарында тапшылық байқалмапты. Оның үстіне қайырымды жандардан келіп жатқан көмектің өзі індетті ауыздықтауға деген сенімге қанат бітіргендей. Соңғы уақытта жаман ауру да тіркелмеген.
Депутаттар гипс өнімдерін шығаратын зауытқа бас сұқты. Мұнда күніне 21 000, жылына 6 млн шаршы метр өнім шығарылады. Гипсокардонға деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан да тапсырысты мерзімінде орындап отыру – басты міндет.
Әрі қарай халық қалаулылары Қарабау–Индер–Миялы–Сағыз тасжолының құрылысымен танысты. Күрделі жөндеу жұмыстары облыстық Жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының тапсырысы негізінде жүргізіліп жатыр. Алда Индер ауданына қарасты 11 шақырым жолды уақтылы аяқтау міндеті тұр. Осылайша, көршілес Қызылқоға ауданына барыс-келіс жанданып, көлік логистикасының дамуында тың серпін болмақ.