CaspianLife, 21 ақпан. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нақты көрсетілген. Әсіресе «әлеуметтік мемлекет» ұғымы мемлекеттің экономикалық, саяси сипаттамасынан гөрі, оның адам алдындағы жауапкершілігін айқындайды.
Жаңа конституциядағы 27-бапқа сәйкес, әр азамат қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына, кемсітусіз еңбекақы алуға және әлеуметтік қорғалуға құқылы. Әлеуметтік мемлекет жағдайында еңбек – табыс көзі ғана емес, тұлғаның қоғамдағы орнын айқындайтын фактор. Сондықтан кемсітусіз сыйақы төлеу, әділ еңбек қатынастары және әлеуметтік сақтандыру жүйесі – Конституция бекіткен адамға бағдарланған саясаттың көрінісі.
28-бапта мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны, ал мұқтаж санаттағы азаматтарға заңға сәйкес баспана берілетіні көрсетілген.
Конституция бұл мәселені стратегиялық деңгейге көтеру арқылы әлеуметтік теңсіздікті азайтудың құқықтық негізін қалыптастырады.
31-бапта ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне кепілдік берілуі, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру көзделген. Ең төменгі әлеуметтік стандарттардың конституциялық деңгейде бекітілуі – азаматтың негізгі өмір сүру құқығын қорғаудың берік тетігі. Сонымен қатар, ерікті әлеуметтік сақтандыру мен волонтерлік қызметті қолдау – әлеуметтік саясатты тек мемлекетке ғана емес, қоғам институттарына да ортақ жауапкершілік ретінде қарастыратын заманауи модель.
32-бап азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын және заңда белгіленген медициналық көмекті ақысыз алу мүмкіндігін бекітеді. Бұл – әлеуметтік мемлекеттің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Денсаулық сақтау саласындағы кепілдіктер – тек медициналық қызмет көрсету емес, ұлттың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған инвестиция.
33-бапта мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алу кепілдігі және бастауыш пен негізгі орта білімнің міндеттілігі белгіленген. Бұл – әлеуметтік мобильділіктің басты механизмі.
Білімге тең қолжетімділік – кедейлік шеңберін үзуге және қоғамдағы әлеуметтік лифтілерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоғары білім алу құқығының заңмен бекітілуі – адами капиталды дамыту стратегиясының конституциялық негізі.
Осылайша, Конституцияда бекітілген әлеуметтік кепілдіктер жүйесі әлеуметтік мемлекеттің мазмұнын айқындайды. Бұл модель жәрдемақыға тәуелді қоғам құруды емес, тең мүмкіндік пен әлеуметтік әділеттілікке негізделген тұрақты дамуды көздейді. Адамның өмірі мен құқықтарын ең жоғары құндылық деп тану – еңбек, тұрғын үй, отбасы, денсаулық және білім салаларындағы нақты құқықтық кепілдіктер арқылы жүзеге асады.
Әлеуметтік мемлекет – бұл жауапкершілік пен құндылықтың бірлігі. Конституциялық нормалар мемлекет пен азамат арасындағы сенімге негізделген әлеуметтік келісімнің берік іргетасын қалыптастырады.
Осы тұрғыдан алғанда, 15 наурызда өтетін референдумның маңызы айрықша. Бұл – тек заңнамалық өзгерістерді қолдау немесе қолдамау мәселесі емес, елдің әлеуметтік бағытын айқындайтын тарихи таңдау. Әр азаматтың референдумға қатысуы – өзінің әлеуметтік құқықтарына, балаларының болашағына және мемлекет дамуының бағытына бейжай қарамайтынын білдіреді. Азаматтық белсенділік арқылы ғана әлеуметтік мемлекет қағидаттары шынайы мазмұнға ие болады. Сондықтан референдумға қатысу – әр адамның құқықтық мүмкіндігі ғана емес, ортақ жауапкершілігі.

