Caspianlife, 22 мамыр. Ақтөбеде 10 жастағы жеткіншек ойын алаңында ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта бала дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Оқиға екі күн бұрын болған. Ойын алаңында ойнап жүрген баланың аяғы тайып кетіп, орындық астынан шығып тұрған үшкір темірдің үстіне құлаған. Салдарынан оның сан бұлшықеті жыртылып, қатты қан кеткен.
Баланың туысы Данара Даришеваның айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлері жеткіншекті дереу ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер шұғыл ота жасаған.
— Баланың аяғы қатты жарақаттанды. Жедел жәрдем келіп, оны бірден ауруханаға алып кетті. Дәрігерлер шұғыл операция жасап, аяғын тікті. Бұл темірлер орындықтарды бекіту үшін пайдаланылған арматуралар болған, — дейді ол.
Туыстарының сөзінше, аталған ойын алаңы әуел бастан сапасыз салынған. Тұрғындар бірнеше рет ашық жатқан темірлердің балалар үшін қауіпті екенін айтып, шағымданғанымен, мәселе шешімін таппаған.
Данара Даришева бұл аумақта мұндай оқиғалар бұрын да болғанын айтады.
— Қазір әкімдік мердігерге, ал мердігер әкімдікке сілтеп отыр. Нысан ешкімнің балансында жоқ. Бұл балалар үшін өте қауіпті жер. Менің қызым да осы жерде бас сүйегін сындырған. Бұдан бөлек көптеген балалардың басы жарылып, қолы сынып, әткеншектен құлаған жағдайлар болған, — дейді ол.
Аталған ойын алаңы 2024 жылы тұрғындардың өтініші негізінде салынған. Алайда Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәліметінше, мердігер компания жұмысты талапқа сай орындамағандықтан нысан пайдалануға қабылданбаған.
Қазіргі уақытта әкімдік пен мердігер арасындағы дау сотта қаралып жатыр. Іс Жоғарғы сотқа дейін жеткен. Жергілікті билік өкілдері сот шешімі шыққаннан кейін мердігер компанияны қауіпті конструкцияларды жоюға міндеттеу мәселесі қаралатынын мәлімдеді.
Ал зардап шеккен баланың жақындары кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды талап етіп отыр.

