CaspianLife, 19 ақпан. Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Жанар Жұмашева жаңа Конституция жобасы бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, агитациялық кездесулер барысында азаматтар көкейіндегі сауалдарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін білдіруде.
“Жаңа Конституция жобасы кең көлемде талқыланып, еліміздің барлық өңірінен сарапшылар, жоғары білімді мамандар мен қоғам өкілдері қатысып, әрбір нормасы мұқият зерделенді. Соның нәтижесінде құжатқа елеулі өзгерістер енгізіліп, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындауға негіз қаланды. Енді алдағы 15 наурызда өтетін референдум — әр азаматтың жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам. Бұл — болашаққа деген көзқарасымызды нығайтып, елдің даму бағытын айқындайтын тарихи таңдау»,-деді Жанар Жұмашева.
Сонымен қатар ол азаматтарды алдағы референдумға белсенді қатысып, ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

