CaspianLife, 19 ақпан. «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында жылдық қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс алаңына барды.
ҚМГ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары екі негізгі технологиялық қондырғыда жүргізілуде. Жобаның жалпы орындалу деңгейі – 22%. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.
Этилен өндірілетін пиролиз қондырғысында қадаларды қағу жұмыстары 89% орындалған, іргетас құю 20%-дан асты. Кейін құбыр эстакадаларын орнату үшін жер үсті құрастырмалы темірбетон құрылымдарын монтаждау басталды. Екінші негізгі қондырғы – полимерлеу алаңында, сондай-ақ зауыттың жалпы шаруашылық нысандарында 427 мың текше метр жер жұмыстары орындалып, 3 721 қада қағылған.
«Биыл ірі габаритті алғашқы жабдықтарды жеткізу және монтаждау жоспарланған. Оның ішінде салмағы шамамен 1,5 мың тонна, биіктігі 101 метр болатын этиленді фракциялау бағаналары бар. Бұл жабдық АтырауНефтеМаш зауытында дайындалуда. Сонымен қатар металл құрылымдары мен технологиялық құбырларды орнату басталады», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 1 300-ден астам адам (оның 90 пайыздан астамы — Қазақстан азаматтары) және шамамен 330 бірлік техника тартылған. Зауытты іске қосу және алғашқы өнімді шығару 2029 жылға жоспарланған.
Полиэтилен өндірісі — өнеркәсіптің көптеген салаларына қажетті шикізат. Бұл жоба Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ірі мұнай-газ-химия жобаларын іске асыру мәселелері бойынша өткен кеңесте Асхат Хасенов Теңіз кен орнындағы газсепарациялық кешен (ГСК) құрылысының және болашақ газ-химия өндірістеріне шикізат жеткізетін магистральдық этан және пропан құбырларының жүзеге асырылу барысы туралы есепті тыңдады.
ГСК жобасы белсенді кезеңге өтті: алаңда қада қағу жұмыстары жүргізіліп, кешеннің негізгі нысандарына арналған аумақ дайындалуда. Сонымен қатар қазақстандық үлесті арттыру шаралары қолға алынған — жабдықтар мен құрылыс материалдарының бір бөлігі отандық кәсіпорындарда өндірілуде. Қазіргі уақытта алаңда 600-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 70 пайыздан астамы — Атырау облысының тұрғындары.
Магистральдық құбырлар жобасы бойынша 2025 жылдың соңында EPC-мердігер анықталып, жоспарлы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

