CaspianLife, 19 ақпан. KMG PetroChem ЖШС Атырау облысында стратегиялық маңызы бар жобаларды — алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің (ГХК) және этан мен пропанға арналған магистральдық құбырлардың бірыңғай дәлізде құрылысын жүзеге асыруда. Бұл жобалар елдің мұнай-газ-химия кластерінің негізін қалыптастырып қана қоймай, өңір үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыс кезеңінде 3 500-ден астам уақытша жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұған дейін КазМунайГаз ҰК» АҚ, KMG PetroChem, мердігер CCIC және Атырау облысының әкімдігі арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған. Құжатта тараптардың үйлестіру тетіктері, соның ішінде жұмыс күшін жергіліктендіру мәселесі бекітілген: жобаға тартылатын қызметкерлердің кемінде 90 пайызы Атырау облысының тұрғындары болуы тиіс.
Осы келісімдерді іске асыру аясында Жылыой аудандық мансап орталығы, KMG PetroChem және CCIC арасында жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру алгоритмі бекітілді. Құжатта Жылыой ауданы мен жалпы облыс тұрғындарына басымдық бере отырып, кадрларды іріктеу және жұмысқа қабылдау тәртібі айқындалған.
Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы KMG PetroChem басқарма төрағасы Диаз Диянов пен Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың кездесуінде талқыланды. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 600-ден астам адам еңбек етуде, олардың 70 пайыздан астамы — Атырау облысының тұрғындары, соның ішінде Жылыой ауданының мамандары бар. Тараптар осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ магистральдық құбырлар жобасы бойынша да осындай кадр қабылдау алгоритмін бекіту мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Кездесу барысында компанияның экологиялық бастамалары да қаралды. Іс-шаралар әкімдіктермен жасалған меморандумдарға сәйкес және «Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолдау аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде аудан орталығы — Құлсары қаласын, сондай-ақ Қосшағыл және Майкөмген ауылдарын көгалдандыру жоспарланған.

