CaspianLife, 17 ақпан. Бұл міндетті Асхат Шахаров Ақтөбе облысы әкімдігінің аппараттық кеңесінде жүктеді. Жиында Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайын батыс өңірдің заманауи авиациялық және логистикалық хабына айналдыру перспективалары талқыланды.
«Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиевтің мәліметінше, өткен жылы жолаушылар ағыны тарихта алғаш рет 1 млн адамнан асты. Бағыттар желісінің кеңеюі және жаңа әуе компаниялардың келуі өңірдің көлік қолжетімділігін айтарлықтай жақсартып, халықаралық байланыстарды нығайтты. 2025 жылы жаңа халықаралық бағыттар ашылды: Шарм-эль-Шейхке – Air Cairo әуе компаниясымен, Доха мен Фукуокқа – SCAT арқылы, сондай-ақ Ыстанбұлға – Pegasus Airlines рейстері іске қосылды. 2026 жылы Баку, Мәскеу, Тбилиси, Нячанг және Үрімші бағыттарын ашу жоспарланып отыр.
Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отын және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. ҚазМұнайГаз-Аэро компаниясымен бірлесіп JET-A1 авиаотынына арналған заманауи модульдік қойма мен халықаралық стандарттарға сай жанармай кешені салынуда. Жалпы инвестиция көлемі 5 млрд теңге деп бағаланып отыр.
Жүк инфрақұрылымын дамыту аясында S SISTEM инвесторының қатысуымен жүктерді өңдеу, e-commerce және қауіпті жүктерге арналған инфрақұрылымды қамтитын заманауи логистикалық кешен жобасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жүк айналымы артып, жеткізу мерзімі қысқарып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Өңір басшысы Асхат Шахаров терминалдың, ұшу-қону жолағының және жерүсті қызметтерінің алдағы жүктемеге дайындығына, әуежайды түрік инвесторымен бірлесіп мультимодальды хабқа айналдыру жобасына, сондай-ақ 2026 жылға жоспарланған халықаралық бағыттарға дайындық мәселелеріне назар аударды.
«Сонымен қатар облыс әкімі “Ақтөбе – Атырау” рейсін қайта жандандыру немесе баламалы әуе қатынасын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті», — делінген хабарламада.

