CaspianLife, 17 ақпан. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Жиында экономиканы әртараптандыру бойынша алдағы шаралар қаралды.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, энергетика секторын нығайту үшін Үкімет мұнай өңдеу қуатын қазіргі 18,4 млн тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруда. Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту барысы және жылдық қуаты 10 млн тонна болатын жаңа зауыт құрылысына дайындық туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев баяндады.
Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кезең-кезеңімен кеңейту дизель отыны тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Ал 2033 жылы төртінші зауытты іске қосу авиакеросинге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, К5 стандартына сай жоғары сапалы мұнай өнімдерін экспорттауға жол ашады.
Сонымен қатар, Қашаған кен орнында газ өңдеу қуатын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың соңында ГӨЗ-1 (газ өңдеу зауыты) іске қосылып, жылына 2,5 млрд текше метр тауарлық газ өндіру жоспарланып отыр.
Мұнай-газ химиясы саласында терең өңдеуге басымдық берілуде. Полиэтилен, бутадиен және карбамид өндіру жобаларын іске асыру шикізатпен салыстырғанда өнім құнын 20 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылы Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт құрылысы жалғасады. Бұл елдің ішкі қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2026–2033 жылдары жылдық қуаты 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, жобалау, құрылыс және іске қосу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде елдегі жалпы өңдеу қуаты жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізіледі.
«Кеңейту жобаларын іске асыру мұнай өнімдері тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. 2033 жылы төртінші зауыт есебінен авиаотын тапшылығы жойылып, жанар-жағармай материалдарын көрші елдерге экспорттау басталады. Қолданыстағы зауыттардағы өңдеу тереңдігі 94 пайызға дейін өсіп, отын сапасы К5 стандартына дейін жақсарады», — деді Қайырхан Тұтқышбаев.

