CaspianLife, 23 қаңтар. Бұл деректер кеше ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) жасаған жұмыс сапары барысында айтылды.
АМӨЗ баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар аясында кәсіпорын басшылығымен кездесу өтіп, онда 2025 жылға арналған өндірістік бағдарламаның орындалу қорытындылары, қаржылық-экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер, ағымдағы қызмет бағыттары, сондай-ақ өндірістік процестерді оңтайландыру жобалары қаралды.
АМӨЗ ЖШС бас директоры Қуаныш Бишімов вице-министрге зауыттың өткен жылғы негізгі нәтижелері туралы баяндады. 2025 жылы кәсіпорын 5,47 млн тоннадан астам шикі мұнай өңдеген, бұл жоспардан 71 мың тоннаға артық. Мұнай өнімдерін өндіру көлемі 4,94 млн тоннаны құрады. Оның ішінде:
-
автобензин – 1,79 млн тонна (2024 жылмен салыстырғанда 142 мың тоннаға артық),
-
дизель отыны – 1,91 млн тонна (256 мың тоннаға артық),
-
сұйытылған мұнай газы – шамамен 229 мың тонна (2024 жылмен салыстырғанда 16 мың тоннаға көп),
-
авиаотын – 172 мың тонна (2025 жылғы жоспардан 20 мың тоннаға жоғары).
Кәсіпорында жабдықтардың сенімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Дірілдік және акустикалық-эмиссиялық диагностика, коррозияны бақылау, инспекцияларды басқару және түпкі себептерді талдау (RCA) сияқты цифрлық жүйелерді енгізу ақаулар санын азайтып, жабдықтардың сенімділік коэффициентін 92,78%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы болжамдық (предиктивті) аналитика бойынша пилоттық жобалар іске асырылды. Оның нәтижесі бойынша 2026 жылы толыққанды предиктивті аналитика жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
«АМӨЗ өңір мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2025 жылы кәсіпорынның салықтық аударымдары 196 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 23 млрд теңге республикалық бюджетке, 173 млрд теңге Атырау қаласының бюджетіне бағытталды», – делінген хабарламада.
Кездесу барысында мұнай өңдеу көлемін жылына 6,7 млн тоннаға дейін арттыруды және өндіріс тиімділігін көтеруді көздейтін кеңейту жобаларының іске асу барысы таныстырылды. Атап айтқанда, автоматтандырылған тактілік құю қондырғысында (АТҚҚ) жаңа сорғы станциясын салу жобасының белсенді кезеңіне кірісті. Бұл жоба газдану қаупін төмендетіп, көмірсутек буларының шығарындыларының алдын алуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жаңғырту нәтижесінде АТҚҚ арқылы мұнай өнімдерін жөнелту көлемін тәулігіне 12,4 мың тоннаға арттыру, сондай-ақ көмірсутек шығындарын жылына 6 мың тоннаға дейін қысқарту жоспарланған.
Сапар аясында вице-министр каталитикалық крекинг, баяу кокстеу, Paramax технологиялық қондырғыларының өндірістік алаңдарын аралап, сондай-ақ кәсіпорынның тазарту құрылыстарының жұмысымен танысты.
Кездесу қорытындысында Қ. Тұтқышбаев Энергетика министрлігі мен АМӨЗ арасындағы стратегиялық жобаларды іске асырудағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті. Ол кәсіпорынның энергетикалық қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету және өндірістік процестерге жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді тиімді енгізу бойынша бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар вице-министр өзекті мәселелерді шешуде АМӨЗ-ге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сурет: АМӨЗ баспасөз қызметі

