Caspianlife, 26 желтоқсан. Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы (сталкинг, яғни заңсыз қудалау) бойынша айыпталған К. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Құрманғазы аудандық сотының мәліметінше, сотталушы К. жәбірленуші К.-ны заңсыз қудалау мақсатында 2025 жылғы 5 қыркүйекте оның үйіне келіп, кіреберіс есігін жұлқылап, кейін терезені қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Бұдан соң жәбірленуші К.-ның жүріп-тұруын бақылау мақсатында «2ГИС» қосымшасы арқылы оның кәмелетке толмаған балаларының ұялы телефондарына өз аккаунтынан «достыққа қосылу» сұраныстарын жолдап, нәтижесінде ұлының орналасқан жерін бақылау мүмкіндігіне ие болған.
Араға екі апта салып, 2025 жылғы 19 қыркүйекте сотталушы К. алкогольдік масаң күйде жәбірленушінің үйіне қайта келіп, ашық аулаға кіріп, терезелерді бақылаған.
Сот отырысында прокурор сотталушыға 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші К. қатаң жаза қолдануды және моральдық зиянды өндіруді өтінді. Ал сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
Соттың баспасөз хабарламасында ҚК-нің 115-1-бабы заңсыз қудалау үшін мынадай қылмыстық жауапкершілікті көздейтіні атап өтілген:
-
200 АЕК-ке дейін айыппұл,
-
сол мөлшерде түзеу жұмыстары,
-
200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,
-
немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу.
Сот отырысында сотталушының кінәсі оның ішінара мойындауымен, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, оқиға орнынан алынған бейнежазбамен және өзге де дәлелдермен расталды. Аталған әрекеттер жәбірленушіні оның еркінен тыс қудалау арқылы елеулі зиян келтірген, бірақ зорлық-зомбылықпен ұштаспаған.
«Сот үкімімен К. есімді азамат ҚК-нің 115-1-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 400 мың теңге моральдық зиян өтемақысын және өкіл қызметіне жұмсалған 200 мың теңге шығынды өндіруді шешті. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — делінген сот хабарламасында.

