CaspianLife, 25 желтоқсан. Бүгін Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Аңызға айналған қолбасшы өзінің ерліктерімен тек елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен танымал. Халқымыз оның ерлігін әрдайым құрмет тұтады. Алайда көрнекті батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген еді. Бұл мәселені облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, соның ішінде жастар бірнеше рет көтерді. Біз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруіміз керек.
Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қойдым, ол міндетті түрде жарияланады. Нағыз отансүйгіштік пен ерліктің символына айналған батырымыздың есімі әрдайым үлгі болып қала береді.
Бауыржан Момышұлының ерлігі – жай ғана аңыз емес, ол шынайы құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысының қаһармандары мойындаған айқын ақиқат. Өз отандастарының ерлік істері мен жанқиярлық еңбегін қадірлей білетін қоғам ешқашан жеңіліске ұшырамайды», – деді Мемлекет басшысы.

