Caspianlife, 23 желтоқсан. ERSAI индустриялық порты Құрық портында акватория мен кірме арнаны түбін тереңдету жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыруға кірісті. Жоба теңіз түбінің тереңдігін 5 метрге дейін ұлғайтуға және жыл бойы үздіксіз навигацияны қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба толықтай ERSAI компаниясының өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жобаны іске асыру аясында компания арнайы Cutter Suction Dredger (CSD 650) үлгісіндегі ERSAI 5 жерснарядын салып, пайдалануға берді. Бұл түбін тереңдету жұмыстарының мерзімі, сапасы мен құнын толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі параметрлеріне сәйкес, түбін тереңдету жұмыстары 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде теңіз түбінен шамамен 1 миллион текше метр топырақ қазылып, жобалық тереңдік 5 метрге дейін жеткізіледі.
Түбін тереңдету жұмыстары ERSAI компаниясының ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Компания алдағы уақытта Құрық портында контейнерлік терминалды іске қосуды, сондай-ақ кеме жасау және кеме жөндеу қуаттарын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жобаның іске асуы порттың жүк өткізу қабілетін арттырып, Орта дәліз арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемінің өсуіне серпін береді. Сонымен қатар бұл бастама Каспий өңірінде инвестициялық белсенділікті күшейтіп, өңірдің логистикалық және экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

