CaspianLife, 23 желтоқсан. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, консультациялық-кеңесші орган – мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылғанын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдарға арналған мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету және макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру аясында қабылданған.
Кеңестің қызметі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тереңдігін, өтімділігін және тиімділігін арттыруға ықпал ететін шараларды қалыптастыруға, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін мемлекеттік қарыз алудың құнын төмендетуге, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік эмитенттер нарығы үшін тиісті бенчмарк көрсеткіштерді қалыптастыруға бағытталатын болады.
Кеңестің негізгі міндеттері мыналар болмақ:
— мемлекеттік қарызды басқару бойынша келісілген шешімдер қабылдау;
— мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту;
— макроэкономикалық жағдайлар мен борыштық тұрақтылықты ескере отырып, оларды ішкі және сыртқы нарықтарда шығару саясатын қалыптастыру.
Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылуы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігінің фискалдық және ақша-кредит саясатын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ ішкі бағалы қағаздар нарығын дамыту міндеттеріне басымдық беруге бейілділігін көрсетеді. Мемлекеттік бағалы қағаздардың тиімді әрі өтімді нарығын дамыту мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттырудың, кірістілік бойынша нарықтық бағдарларды қалыптастырудың және елдің қор нарығын одан әрі дамытудың маңызды элементі ретінде қарастырылады.

