CaspianLife, 10 желтоқсан. Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов KAZENERGY қауымдастығы кеңесінің 44-ші отырысында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу үшін инвесторлар тарту жөнінде ұсыныс айтты.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде министр биылғы бірлескен жұмыстың қорытындысын шығарып, отын-энергетика кешенін дамытудағы басымдықтарды атап өтті.
Министр өз сөзінде 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылуына тоқталды. Құжат мұнай өңдеу қуаттарын жаңғыртуды және жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдейтін жаңа зауыт салуды қарастырады.
«Осы жобаны іске асыру мақсатында Ерлан Ақкенженов қауымдастыққа әлеуетті инвесторларды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінен тарту үшін арнайы Road-show ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ заң шығару қызметінің нәтижелері айтылды. Атап айтқанда, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленді және газ саласын 2029 жылға дейін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Бұдан бөлек, қауымдастық алаңында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторын инвестициялық жағынан тартымды етуге бағытталған заңнамалық түзетулер бойынша жұмыс жалғасуда.
Сала ғылымын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сарапшылардың қолдауымен мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы шешім қабылданды.
Кездесу соңында энергетика министрі KAZENERGY қауымдастығымен инвестициялық ахуалды жақсарту және энергетика саласын дамыту бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

