Caspianlife, 5 желтоқсан. 2025 жылғы мамыр айында өңірде «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтіп, онда 33 кәсіпкердің кең ауқымды өнімдері таныстырылды.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның айтуынша, көрме қорытындысы бойынша он жартылай финалист анықталып, олар өз өнімдерін бренд-комитетке таныстырған. Нәтижесінде жобаның үш финалисті таңдалды:
— «Нұрбақыт» ЖК – Нұрбақыт Жаркенова, қаз өнімдерін өндіру;
— «Cool Man» ЖК – Асқар Құлман, ауыл шаруашылығына арналған биогумус өндірісі;
— «Қуанышқалиев Б.Т.» ЖК – Бүләкбай Қуанышқалиев, ағаш бұйымдары.
Әр жобаға 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті дамытудың қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жүламанованың айтуынша:
«Ауылдарда үлкен әлеует бар, сапалы әрі сұранысқа ие өнім шығаратын мықты кәсіпкерлер көп. “Бір ауыл – бір өнім” жобасы осындай өндірушілерге білім, қолдау және өсу мүмкіндігін береді. Финалистердің барлығы мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанғанына қуаныштымыз. Бұл қаражат олардың бизнесін кеңейтуге көмектеседі».
Жобаның негізгі мақсаты — жергілікті өндіріс көлемін арттыру, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және жергілікті шикізаттан өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдау. Қатысушылар оқыту, кеңес беру, нарыққа шығуға жәрдем және мемлекеттік грант конкурстарына қатысу мүмкіндігін алады.
Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жобаның финалистерін халықаралық форумдар мен жәрмеңкелерге қатыстыру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл жергілікті өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға жол ашады.

