CaspianLife, 4 желтоқсан. Брюссельде кеше Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасында визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдерге қол қою жөніндегі ресми келіссөздердің алғашқы раунды өтті.
Отырысқа Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директорат бас директорының орынбасары Йоханнес Лухнер төрағалық етті.
Қазақстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздердің басталуы – Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген маңызды әрі символдық оқиға. Жаңа келіссөздер бағыты тараптар арасындағы қарым-қатынастардың соңғы он жыл ішінде тереңдеп, стратегиялық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Жиында тараптар визалық жеңілдіктерді талқылаудың өзара сенімнің артқанын, азаматтар үшін мүмкіндіктерді кеңейтетінін, гуманитарлық және қоғамдық байланыстарды нығайтатынын атап өтті. Айта кетерлігі, бұл – Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеті арасындағы алғашқы осындай келіссөздер процесі, сондықтан оның тарихи мәні бар.
Келіссөздер конструктивті және іскерлік атмосферада өтті. Тараптар өз ұстанымдарымен бөлісіп, бастапқы бағыттарды келісіп, алдағы жұмыстың басымдықтарын белгіледі. Кездесу қос тараптың заманауи құқықтық негіз қалыптастыруға, сапарларды жеңілдетуге, адамдар арасындағы байланысты арттыруға және ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.
Ресми келіссөздердің басталғаны туралы мәлімдеме 1 желтоқсанда Брюссельде өткен ҚР–ЕО Ынтымақтастық кеңесінің 22-отырысында, Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Қошербаев пен ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас төрағалығында жарияланды.
Қазақстан мен Еуропалық одақ келіссөздерді жалғастырып, келесі раундты 2026 жылы Астанада өткізуді жоспарлап отыр.

