CaspianLife, 2 желтоқсан. Бұл мәселе кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбайдың Қазақстандағы Грузияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе бастаған делегациямен кездесуінде талқыланды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар өңір мен Грузия арасындағы экономикалық, көлік-логистика, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. Облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбай Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің географиялық орны, көлік инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық климаты екіжақты әріптестіктің маңызды факторлары екенін атап өтті. Ол Маңғыстау облысы — Қазақстанның өнеркәсіптік орталықтарының бірі екенін еске салып, мұнай-газ, көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені бойынша өзара тиімді жобаларды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
«Әсіресе Каспий теңізі арқылы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларға ашықпыз», — деді Н.Қилыбай.
Кездесуде Каспий теңізі арқылы Құрық – Алят (Әзербайжан) бағыты бойынша тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру жобасы да талқыланды. «Georgian Industrial Group» бастамасымен жүзеге асатын жоба аясында 2026 жылдың бірінші жартысында екі паром іске қосу жоспарланған. Ал 2027 жылға қарай паром флоты алты кемеге дейін ұлғайтылады. Бұл каспий бағытындағы жүк айналымын арттыруға, порт инфрақұрылымын дамытуға және «Транскаспий халықаралық көлік маршрутының» (ТХКМ) тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Елші Леван Диасамидзе Грузияның Қазақстанмен, оның ішінде Маңғыстау облысымен көлік, логистика және туризм салаларында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Анықтама: 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Маңғыстау облысының Грузиямен сыртқы сауда айналымы 1,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде грузин капиталының қатысуымен 51 кәсіпорын жұмыс істейді.

