Caspianlife, 3 қараша. Ақтауда ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің «Тарихи туризмді дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі отырысы өтті.
Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында өңірдің туристік саласын одан әрі дамыту шаралары қарастырылды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаевтың айтуынша, өңір тарихи және жағажайлық туризмді дамытуға зор әлеуетке ие.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Ол 9 бағыт бойынша 102 іс-шараны қамтиды. Негізгі басымдықтар – тұрақты туризмді дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Кендірлі курорттық аймағын дамыту, — деді ол.
Туризм индустриясы комитеті саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ішкі және кіру туризмін дамыту, сондай-ақ туристер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
— Туризм – ұлттық экономиканы әртараптандыру мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі. Инфрақұрылымды жақсартып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет сапасын арттыру арқылы Қазақстан әлемдік деңгейдегі тартымды туристік бағыттардың біріне айнала алады. Осы бағытта Маңғыстау облысында туризмді дамытуға арналған кешенді жоба іске асырылып жатыр. Оның негізгі бағыттары – тарихи және жағажай туризмі, — деді Нұртас Кәріпбаев.
Маңғыстау облысы тарихи және табиғи туризм жобаларын іске асыруға қолайлы негізгі өңірлердің бірі ретінде қарастырылады. Мұнда жаңа туристік маршруттар әзірлеу, сервистік аймақтар құру және заманауи қызмет көрсету стандарттарын енгізу жоспарланып отыр.
Отырыстың қорытындысында қатысушылар салалық заңнаманы жетілдіру және өңірдің туристік әлеуетін кешенді дамыту мақсатында мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

