Caspianlife, 14 қазан. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «Ембімұнайгаз» АҚ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында Атырау облысындағы Гран кен орнында инновациялық STRYDE сымсыз деректер тіркеу жүйесін енгізіп отыр.
«ҚазМұнайГаздың» ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, «…жүйе әлемдегі ең ықшам әрі өте жеңіл автономды қабылдағыштардан тұрады. Олардың әрқайсысының салмағы небәрі 150 грамм, экстремалды температураларға төтеп береді және үздіксіз дерек тіркеу кезінде 28 тәулік бойы қуатсыз жұмыс істей алады».
Деректерді жоғары сапамен және дәлдікпен жүктеу небары 4 сағатты алады, бұл сейсмикалық зерттеу деректерін жинау мен өңдеудің жылдамдығын айтарлықтай арттырады.
Бұдан бөлек, бір маман өзімен бірге 90 қабылдағышқа дейін алып жүріп, орната алады. Жалпы алғанда, бұл жүйе жоғары тығыздықтағы бақылау желісін оңай орнатуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде:
-
жұмысшылар саны 50%-ға қысқарады;
-
өнімділік 4 есеге артады;
-
дала жабдығының салмағы 20 есеге азаяды;
-
далалық техниканың саны 80%-ға кемиді;
-
ал далалық жұмыстардың ұзақтығы орта есеппен 30%-ға қысқарады.
Жүйе кабельдік инфрақұрылымды және ауыр техниканы қажет етпейді, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтып, өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттырады және геологиялық барлау шығындарын едәуір төмендетеді.
«Жобаны жүзеге асыруға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жас мамандары тартылған. Осылайша жоба қазақстандық кадрлардың кәсіби дамуына және ғылыми-практикалық әлеуеттің артуына ықпал етуде», — деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі.
Қазіргі заманғы сейсмикалық деректер мұнай-газ кен орындарының әлеуетін жаңаша бағалауға және олардың өндірістік өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. «ҚазМұнайГаз» Гран жобасын ғылым мен технологияның тоғысқан нақты мысалы әрі инновацияларды енгізудің іргетасы ретінде қарастырады.
Анықтама үшін: Жоба «Самрұқ-Қазына» АҚ-ның «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» қоры, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және британдық STRYDE технологиясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы ресми өкілі «Samga Petroleum» ЖШС-мен бірлесіп іске асырылуда.