Caspianlife, 9 қазан. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өтіп жатқан «Орталық Азия – Ресей» екінші саммиті барысында айтты.
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында жарияланған Қ.-Ж. Тоқаевтың саммиттегі сөзінен үзіндіде былай делінген:
«Мемлекет басшысы өңір елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оларды еңсеру үшін жүйелі қадамдар, үйлестірілген шешімдер мен шаралар қажет екенін айтты.
– Осыған байланысты Орталық Азия елдері мен Ресейдің экологиялық мәселелер жөніндегі министрлер кеңесін құру ұсынылады. Менің ойымша, трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына айрықша назар аудару қажет. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыру ықпал етеді. Сондай-ақ қазіргі су қауіпсіздігінің жай-күйі де алаңдатады. Сондықтан су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайына объективті баға беру, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін спутниктік топтамаларды пайдалана отырып, бірлескен ғарыштық мониторинг бағдарламасын әзірлеу және іске асыру ұсынылады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті».
(Мемлекет басшысының сөзінің толық мәтінімен МЫНА ЖЕРДЕ танысуға болады.)

