CaspianLife, 7 қазан. Астанадағы «Штадлер Қазақстан» зауытында өндірілген жаңа Stadler жолаушылар вагондары 10 мың шақырымнан астам сынақтық жүрісті еңсерді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының (ҚТЖ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, сынақтар қыркүйек айында басталып, Кеден одағының техникалық регламенті ТР ТС 001/2011 талаптарына сәйкес жүргізілуде. Тесттік жүрістер еліміздің әртүрлі теміржол учаскелерінде өтуде. Қазіргі заманғы құрамдар Қарағанды, Тараз, Шымкент және Өскемен бағыттарымен жүріп өтті. Пайдалану жағдайында техника сенімділігін дәлелдеді: тежеу жүйелерінің тұрақтылығы, жүріс бөлігі мен қауіпсіздік кешендерінің дұрыс жұмысы расталды.
ҚТЖ өкілдерінің айтуынша, жаңа вагондардың басты артықшылығы — жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заманауи инженерлік шешімдер мен ойластырылған эргономика. Әр купеде жеке климат-бақылау жүйесі, розеткалар мен USB порттары, жолсерікті шақыру түймелері, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған тактильді белгілер орнатылған. Қиын климаттық жағдайларда да пайдалануға бейімделген вагондардың қызмет ету мерзімі — 40 жыл.
2025 жылдың соңына дейін зауыт ұлттық тасымалдаушыға алғашқы партияны тапсырады. Оның құрамында купелік, плацкарттық, қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған және генераторлы вагондар бар. Бұдан бөлек, Stadler компаниясы пойыздарға 20 жыл бойы сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Жалпы, 2030 жылға дейін 557 жаңа вагон жеткізіліп, компанияның вагон паркі 100% жаңартылады.
«2026 жылдан бастап жаңа Stadler пойыздары №3/4 «Астана — Алматы», №353/354 «Астана — Семей», №85/86 «Астана — Шымкент», №47/48 «Астана — Атырау» бағыттарына шығатын болады», — делінген ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарламасында.

