CaspianLife, 24 қыркүйек. «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар пойыздарында цифрлық технологияларды дамытуды жалғастыруда.
Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, алдағы айларда Starlink интернеті №33/34 «Ақтөбе – Алматы» және №21/22 «Қызылорда – Семей» бағытындағы пойыздарға қосылады. Бұған дейін жолаушылар алғаш рет «Астана – Бурабай курорты» бағытымен қатынайтын жаңа буындағы №888/887 «Burabay Express» электр пойызында Starlink технологиясының көмегімен жолда интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болған еді. Бұл – жылдамдығы 250 Мбит/с-тан асатын жоғары жылдамдықты интернеті бар алғашқы жүрдек электр пойызы.
«Пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері бұл қызметтің үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті. Жолаушыларға ойын-сауық контентін көруге, мессенджерлер арқылы хабар алмасуға, жол үстінде жұмыс істеуге, сондай-ақ қосымша сервистерді: онлайн-таблоны, мультимедиялық жүйені және қолма-қол ақшасыз төлемді пайдалануға мүмкіндік берілді», — делінген хабарламада.