CaspianLife, 26 тамыз. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының (ЖКОББШИ) қызметкерлері балық аулау және өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысшыларымен бірге «Таза жағалау» экологиялық акциясын өткізді.
ЖКОББШИ-дың бас маманы Алмас Жұмашевтың айтуынша, экологиялық шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Инспекторлармен қатар «Тілекші», Амангелді атындағы, «Восток» және «СевКаспийФиш» кәсіпорындарының қызметкерлері де өзен жағасын тазартуға атсалысты. Бірлескен күшпен Жайық өзенінің сағасы – Пешной түбегі мен Приморский каналы маңындағы тұрмыстық қалдықтар жиналды.
«Акцияға шамамен елу адам және он техника жұмылдырылды. Жинау барысында 1 200 кг тұрмыстық қоқыс шығарылып, кейіннен «АрнайыАвтобаза» ЖШС-не кәдеге жаратылуға жеткізілді», – деді Алмас Жұмашев.