Caspianlife, 6 тамыз. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қытайдың мемлекеттік Power Construction Corporation of China (Power China) инженерлік корпорациясының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Бұл компания – инфрақұрылымдық және энергетикалық құрылыс саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында өңір үшін басым бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
«Атап айтқанда, Атырау қаласындағы орталық көпірді қайта жаңарту мәселесі көтерілді. Қытайлық мамандар нысанның қазіргі жағдайымен танысып, жоба ұсынысын әзірлеуге кірісуге дайын екендерін білдірді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Әкім жобаны тұрғындарға қолайсыздықты азайта отырып, жедел әзірлеудің маңыздылығын атап өтті», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тараптар Жайық пен Қиғаш өзендерінің арналарын тереңдету, су тасқыны суларын жинауға арналған гидротехникалық құрылыстар салу, реттеуші нысандар құру, ағынды суларды тазарту, кәріз жүйелерін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану бойынша бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
— Жайық пен Қиғаш өзендерінің арналарының тереңдетілуі – жыл сайын тұрақты назарды талап ететін мәселе. Бұл бағытпен тұрақты түрде жергілікті мамандандырылған кәсіпорындар айналысқанына мүдделіміз, — деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Power China International Eurasian компаниясы бас директорының орынбасары Тан Сяофэн корпорацияның өңірмен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін айтты: «Біздің компания энергетика, гидротехника, инфрақұрылым және экология салаларында белсенді жобалар жүзеге асыруда. Біз заманауи технологиялық шешімдер, инвестициялар және сараптамалық қолдау ұсына аламыз».
Өңір басшысы бұл ұсынысты қолдап, талқыланған бастамалардың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Power China – Қытайдың ең ірі мемлекеттік инженерлік компанияларының бірі. Компания 100-ден астам елде ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Негізгі бағыттары: гидроэнергетика, энергетикалық инфрақұрылым, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, кәріздік сорғы станцияларын салу, экологиялық және ресурсты үнемдейтін технологиялар.