CaspianLife, 4 тамыз. Бүгін Атырау қаласындағы оңтүстік өндірістік аймақта индустриялық кластерді дамыту бағытындағы жаңа стратегиялық нысан — Texol Steel Technology болашақ құйма зауытының іргесіне капсула салу рәсімі өтті.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, «Тексол Транс» ЖШС директоры Борис Зиганшин, Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, ауыр машина жасау басқармасының басшысы Төреәділ Абдрахманов, сондай-ақ кәсіпкерлер, құрылысшылар мен журналистер қатысты.
Жоба Атырау қаласында ірі индустриялық кластер қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл кластердің орталығы – Атырау вагон жасау зауыты. Жаңа құю зауыты теміржол вагондарына арналған болат құйма бөлшектер шығарады. Жоба бұған дейін шетелден жеткізілген компоненттер өндірісін ел ішінде игеруді көздейді. Негізгі шикізат – металл сынықтары мен ферроқорытпалар – қазақстандық жеткізушілерден алынатын болады.
Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін құйма бөлшек өндіреді деп жоспарланған, ал зауытты іске қосу 2027 жылға белгіленген. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өз сөзінде құю зауытының құрылысын бастау – өңірдің индустриялық кластерін дамытудағы маңызды қадам екенін айтты.
«Бұл зауыт вагон бөлшектерінің 96 пайызын отандық өндірісте игеруге мүмкіндік береді, 500-ден астам жұмыс орны ашылады және өңдеуші өнеркәсіптің дамуына үлес қосады. Бұл – Мемлекет басшысы қойған міндеттердің нақты жүзеге асуының көрінісі», — деді С. Шәпкенов.
Рәсім аясында болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласы облыс әкімі мен компания басшысы қол қойған жолдауымен бірге іргетасқа салынды. Сондай-ақ шара барысында теміржол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Тексол Транс» ЖШС директоры Борис Харисұлы Зиганшинге «Құрметті теміржолшы» атағы беріліп, төсбелгі табысталды.