CaspianLife, 25 шілде. KMG PetroChem мен Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI Inc.) Теңгізден пропан тасымалдау бойынша негізгі шарттарға қол қойды
«KMG PetroChem» ЖШС мен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI Inc.) пропан тасымалдау бойынша негізгі шарттарға қол қойды.
Құжатқа «KMG PetroChem» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Диаз Диянов пен «KPI Inc.» ЖШС бас директоры Дамир Ашимов қол қойды.
«KMG PetroChem» компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл келісім Теңгіз кен орнынан полипропилен өндіру зауытына пропан тасымалдау мәселелері бойынша тараптардың негізгі коммерциялық және техникалық параметрлерін бекітеді және ұзақ мерзімді келісімшарт жасасудың негізі болады.
Құжат «KMG PetroChem» компаниясының этан мен пропанды тасымалдауға арналған магистральдық құбырлар салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобасы аясында қабылданған. Компания жобаның операторы болып табылады және ол шамамен 210 шақырым болатын екі параллель құбыр салуды көздейді. Құбырлардың өткізу қабілеті — жылына 1,6 млн тонна этан мен 1 млн тонна пропан (ГСК мен ТШО-ның өндіріс көлемін ескере отырып). Құбырларды іске қосу 2028 жылға жоспарланған.
Анықтама үшін:
KMG PetroChem — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес компаниясы. Компания КМГ тобының мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларын жүзеге асырады және үйлестіреді. «KMG PetroChem» қызметіне жобаланып жатқан пропан мен этан құбырлары, полиэтилен өндіру зауыты, газ/сепарациялық кешен (ГСК), сондай-ақ басқа да мұнай-газ химиясы жобалары (карбамид, ПЭТФ) кіреді.
Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес кәсіпорны. Зауыт полипропилен өндіреді және бұл — Қазақстанда Теңгіз шикізатын өңдеуге арналған алғашқы жоба. Бүгінгі таңда зауыт құрылыс, медицина, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде қолданылатын полипропиленнің он үш маркасын шығара бастады. Жалпы, қазіргі уақытта өнімнің ассортименті он бес маркамен ұсынылған (оның екеуі омологациядан — яғни тұтынушылардың технологиялық және техникалық талаптарына сәйкестігін тексеруден өтуде).