CaspianLife, 27 маусым. Бүгін Ресейде шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған ruID мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымша Ресей Федерациясына (РФ) кіруді жоспарлаған немесе ел аумағында жүрген шетелдіктерге арналып жасалған.
Ресей ІІМ Көші-қон мәселелері жөніндегі Бас басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қосымша арқылы Ресейге кіру туралы өтініш беруге, елге кіруге шектеулердің бар-жоғын тексеруге және көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтерді алу үшін цифрлық профиль жасауға болады.
«2025 жылғы 30 маусымнан бастап шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Ресейге кіруі мен шығу шарттарын сынақтан өткізу жөніндегі эксперименттің екінші кезеңі басталатынын еске саламыз», — делінген хабарламада.
Ресейдің цифрландыру министрлігі ruID қосымшасы арқылы шетелдіктер мына қызметтерді пайдалана алатынын атап өтті:
-
Ресейге кіру туралы өтініш беру;
-
елге кіруге тыйым салынған-салынбағанын тексеру;
-
мемлекеттік қызметтер алу үшін цифрлық профиль қалыптастыру.
Қосымшаны мына платформалардан жүктеуге болады: RuStore, Google Play, AppGallery, App Store.
ruID қосымшасы келесі тілдерде қолжетімді:
-
ағылшын,
-
армян,
-
қазақ,
-
қырғыз,
-
орыс,
-
тәжік,
-
өзбек.
Ресейге визасыз кіру үшін өтінішті қалай беру керек:
-
ruID қосымшасына тіркелу – бұл үшін электронды пошта қажет, ресейлік телефон нөмірі міндетті емес;
-
Кіру күніне дейін кемінде 72 сағат бұрын сапар мақсаты мен деректеріңізді енгізу керек (ерекше жағдайларда, мысалы, шұғыл сапарда – 4 сағат бұрын);
-
Бет-әлпетіңіздің фотосын түсіру;
-
Жеке басты куәландыратын құжаттың фотосын жүктеу;
-
Дауысты жазу;
-
Мәліметтердің тексерілуін күту.
Кімдер өтініш беруден босатылады:
-
Беларусь Республикасы азаматтары,
-
6 жасқа дейінгі балалар,
-
дипломатиялық өкілдіктер мен консулдықтар қызметкерлері,
-
халықаралық ұйымдар өкілдері және олардың отбасы мүшелері.
Шекарада не болады:
-
Өтініштегі деректер тексеріледі;
-
Шетелдік азаматтың цифрлық профилі жасалады;
-
СНИЛС (жеке шоттың сақтандыру нөмірі) пен мемлекеттік қызметтерге стандартты тіркелгі ашылады. Бұл, мысалы, Ресейлік SIM-карта алуға немесе басқа қызметтерге қажет болады. Болашақта қолжетімді қызметтер тізімі кеңейтіледі.