CaspianLife, 18 маусым. Өткен аптада Орал қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысты деген күдікке ілінген қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның сегіз азаматы ұсталған, олардың екеуі сот санкциясымен қамауға алынған.
«Аталған тұлғалардың әрекеттері өңірдегі кәсіпкерлік қызмет өкілдеріне теріс әсерін тигізген. Тінту барысында қомақты көлемде ақша қаражаты мен өзге де заттай дәлелдер тәркіленді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.