CaspianLife, 18 маусым. Бұл мәселе Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Жиында заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес мәселелері талқыланды.
Іс-шара 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасының орындалуын қамтамасыз ету аясында мемлекеттік органдардың кең форматтағы ведомствоаралық өзара іс-қимылы негізінде өтті. Үйлестіру кеңесінің отырысына барлық мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, кездесуде кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы қылмыстар, адам өлтіру, азаптау, жыныстық және пайдакүнемдік-зорлық қылмыстар, есірткі сату, бұзақылық, алаяқтық, ішімдік ішіп, қару қолдану арқылы немесе топпен жасалатын тұрмыстық қылмыстар мәселелері талқыланды.
Статистикаға сәйкес, соңғы бес жылда жалпы қылмыс деңгейі төмендегенімен, кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы қылмыстың өсуі алаңдатарлық. Осы аралықта 4 мыңнан астам жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 386-сы – кәмелетке толмағандар. 1 мыңнан астамы ауыр қылмыс, 151-і аса ауыр қылмыс жасаған. Сонымен қатар, балалар арасындағы суицид мәселесі де ерекше назарды талап етеді: соңғы бес жылда 33 аяқталған суицид, 104 суицидке әрекет тіркелген.
«Бірде-бір қайғылы жағдай, бірде-бір қылмыс мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс», – деп атап өтті облыс прокуроры.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:
– ойын-сауық орындарының жұмыс тәртібін өзгерту;
– алкоголь өнімдерін сату бойынша бақылауды күшейту;
– жастар арасындағы қылмыстық топтарды тарату;
– интернеттегі деструктивті контентті бұғаттау;
– алкоголизм, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік және өзге де тәуелділік түрлерімен күресті күшейту;
– педагогтар, спорт жаттықтырушылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері, мәдениет өкілдері, танымал тұлғалар мен волонтерлердің қатысуымен қатаң бақылау және толыққанды тәлімгерлік жүйесін іске қосу;
– оқу орындарының төменгі сыныптарынан бастап адамгершілік-рухани, отансүйгіш қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған арнайы тәрбиені қамтамасыз ету.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, басты мақсат – өз болашағы мен елінің болашағына жауапты ұрпақты тәрбиелеу және қалыптастыру.